ТжКБ-ға қабылдау ережелері --
ТжКБ-ға қабылдау ережелері

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 18 қазандағы
№ 578 бұйрығымен бекітілген

 

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2021 № 276 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) “Білім туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 29) тармақшасына және “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ТжКОББ) оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.

Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру ұйымдарына бастауыш (“Хореография өнері” мамандығы (біліктілігі “Балет әртісі”) бойынша кадрлар даярлау үшін, негізгі орта, жалпы орта (орта жалпы), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі (бастауыш кәсіптік және орта кәсіптік), жоғары білімі бар (жоғары кәсіптік), Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ білім туралы құжатымен (куәлік, аттестат) ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалар қабылданады.

Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру ұйымдарына жалпы орта (орта жалпы), техникалық және кәсіптік (кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта), орта білімнен кейінгі, жоғары (кәсіптік жоғары) білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ білім туралы құжатымен (куәлік, аттестат) ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар тұлғалар қабылданады.

3. ТжКОББ ұйымдарына оқуға түсу кезінде “Білім туралы” Қазақстан Республикасы Заңның 26-бабының 8-тармағында айқындалған адамдарды қабылдау квотасы көзделеді.

Арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілердің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің балаларын (оның ішінде асырап алған ұлдарын, асырап алған қыздарын, бірге тұратын өгей ұлдары мен өгей қыздарын) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысы беріліп және (немесе) білім беру гранты беріле отырып, олардың өтініші негізінде конкурстан тыс жүзеге асырылады.

Қабылдау квотасының мөлшері “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы № 261 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33298 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 261 бұйрық) бекітілген.

Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2-тарау. Техникалық және кәсіптік , орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі
4. ТжКОББ ұйымдарында оқуға адамдардың өтініштерін қабылдау, әңгімелесуді өткізу, білім алушылар құрамына қабылдау үшін басшының бұйрығымен 10 маусымнан кешіктірмей тақ саннан тұратын қабылдау комиссиясы құрылады. Қабылдау комиссиясының құрамына Қамқоршылық кеңесінің (ол болмаған жағдайда – жұмыс берушілердің өкілдері), қоғамдық ұйымдардың және білім беру ұйымдарының өкілдері кіреді.

Комиссия мүшелерінің ішінен жауапты хатшы және техникалық хатшылар тағайындалады.

Қабылдау комиссиясының төрағасы білім беру ұйымының басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға болып табылады.

Қабылдау комиссиясы мен техникалық хатшылар жұмысына жалпы басшылық ету жауапты хатшыға жүктеледi, ол азаматтарды қабылдауды, қабылдау мәселесi бойынша азаматтардың жазбаша сұраныстарына жауап бередi, қабылдау комиссиясының ақпараттық материалдарын жариялауға дайындайды, кеңес (консультация) және қабылдау емтихандарының даярлығын, жүргiзiлуiн ұйымдастырады, жазбаша емтихан жұмыстарының шифрленуiн және де шифрленуiн жүргiзедi.

5. Білім беру ұйымдарында педагогикалық және арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша арнайы және/немесе шығармашылық емтихандар өткізу үшін емтихан комиссиясы құрылады. Емтихан комиссиясының құрамына білім беру ұйымдарының, әлеуметтік әріптестердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Емтихан комиссия мүшелерінің көп дауысымен комиссияның төрағасы сайланады. Емтихан комиссиясының құрамы ТжКОББ ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

6. Қабылдау және/немесе емтихан комиссияларының шешімдері, егер олардың отырыстарына мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі және қатысушылар санының көпшілік даусымен қабылданады. Қабылдау және/немесе емтихан комиссиялары мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Хатшы қабылдау және/немесе емтихан комиссияларының мүшесі болып табылмайды.

Емтихан комиссиясының қорытынды отырысында аудио – немесе бейнежазба жүргізіледі. Аудио-немесе бейнежазба ТжКОББ ұйымының мұрағатында кемінде бір жыл сақталады.

Қабылдау комиссиясының қорытынды отырысында отырыстың хаттамасы жүргізіледі, ол ТжКББ ұйымының мұрағатында кемінде үш жыл сақталады.

Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
7. Карантин жағдайларында, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда қабылдау комиссиясының жұмысын білім беру ұйымы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, ТжКОББ ұйымы жүргізеді.

8. ТжКОББ ұйымының қабылдау комиссиясының өңірлерге барып тұлғаларды оқуға қабылдау жұмысын ұйымдастыру мәселелері тиісті саланың уәкілетті органының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдарының (бұдан әрі – Білім басқармасы) келісімі бойынша шешіледі.

9. Мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) бойынша ТжКОББ ұйымына білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша, арнайы оқу бағдарламалары бойынша, рухани (діни) білім беру ұйымдарына, сондай-ақ техникалық және кәсіптік (жұмыс біліктілігі), орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар орта буын мамандықтарына түсушілерді мамандықтың бейініне сәйкес оқуға қабылдау ТжКББ ұйымының жобалық мүмкіндігін ескере отырып, тұлғалардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады. Жобалық мүмкіндік “Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29323 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 381 бұйрық) бекітілген Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білім беруге және балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

Орта буын, қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша ТжКОББ ұйымдарына мемлекеттік тапсырысы бойынша тұлғаларды оқуға қабылдау конкурстық негізде тұлғалардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен ; өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
10. ТжКОББ ұйымдары өтініштерді қабылдау, арнайы және/немесе шығармашылық емтихандарды өткізу, конкурс және тұлғаларды бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім негізінде ақылы негізде оқуға қабылдау осы Қағидалардың талаптарына сәйкес жүргізіледі.

11. Тұлғалардың ТжКОББ ұйымдарында оқуға өтініштерін қабылдау:

1) білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша, арнайы оқу бағдарламалары бойынша, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарына, қылмыстық – атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарына – күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 25 тамызы аралығында, оқудың кешкі нысанына – күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 қыркүйегі аралығында;

2) орта буын және қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқудың күндізгі нысанына: мемлекеттік тапсырыс бойынша негізгі орта білім базасында күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 18 тамызы аралығында, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім базасында күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 тамызы аралығында, ақылы негізде 25 маусымы мен 25 тамыз аралығында, оқудың кешкі және сырттай нысанына – күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 қыркүйегі аралығында, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар бойынша -күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 20 шілдесі аралығында, педагогикалық мамандықтар бойынша – күнтізбелік жылдың 25 маусымы мен 15 тамызы аралығында жүзеге асырылады.

12. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетілетін қызметті алушы:

1) Қазақстан Республикасының орта, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін “электрондық үкімет” веб-порталында (бұдан әрі – Портал);

2) шетелдік орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жоғары оқу орындарының түлектері үшін ТжКОББ ұйымдарында (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) алады.

Бұл ретте, Портал арқылы өтініш бергенге дейін өткен жылдардағы түлектер балдарды автоматты түрде есептеу үшін білім беру ұйымдарында білім туралы құжатты цифрлық форматқа ауыстыруға тиіс.

Құжаттар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау” мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес ұсынылады.

Қажет болған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы “бір өтініш” қағидаты бойынша “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау” мемлекеттік көрсетілетін қызметін алуға құжаттарды беру кезінде “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру” және “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну” мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін алу үшін өтініш бере алады.

Бұл ретте, “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға жатақхана беру” мемлекеттік көрсетілетін қызметі “Білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындарды бөлу қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 66 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13487 болып тіркелген), “Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну” мемлекеттік көрсетілетін қызметі “”Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың жекелеген санаттағы азаматтарына, сондай-ақ, қорғаншылық (қамқоршылықтағы) пен патронаттағы тұлғаларына тегін тамақтандыруды ұсыну” мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 3 сәуірдегі № 82 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32226 болып тіркелген) сәйкес көрсетіледі.

Өтініште көрсетілген мемлекеттік қызметтерді ұсыну нәтижелері ТжКОББ ұйымына қабылдау қорытындылары бойынша ұсынылатын болады.

Көрсетілетін қызметті алушы қабылдау қорытындысы бойынша күнтізбелік 3 күн ішінде білім беру қызметтерін көрсету туралы электрондық шартқа қол қояды. Шартқа қол қою туралы SMS-хабарлама mGov мобильді қосымшасының Bilim сервисінде жіберіледі.

Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
13. Оқуға түсу үшін құжаттарды кәмелетке толған адамдар жеке өзі, кәмелетке толмағандар – заңды өкілінің қатысуымен ұсынады.

14. Мемлекеттік қызметті көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Тізбеде келтірілген.

Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 11.10.2022 № 420 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
15. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері құжаттар топтамасын қабылдауды, тіркеуді және көрсетілетін қызметті алушыға құжаттар топтамасының қабылданғаны туралы қолхат беруді өтініш келіп түскен күні жүзеге асырады не көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданыс мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда құжаттарды қабылдаудан бас тартады және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолхат береді.

16. Құжаттарды Портал арқылы тапсырған кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге сұраныстың қарастырылу мәртебесі туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетілетін қызметті алушының “жеке кабинетінде” көрсетіледі.

Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
17. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері өтінішті түскен күні тіркейді және оны жауапты құрылымдық бөлімшеге орындау үшін жолдайды. Өтініш жұмыс уақытынан кейін, демалыс және мерекелік күндері түскен жағдайда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасына сәйкес келесі жұмыс күнімен тіркеледі.

18. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында не тікелей көрсетілетін қызметті берушіге жүгінген кезде дәлелді бас тартуды осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес қағаз жеткізгіште көрсетілетін қызметті алушының “жеке кабинетіне” жолдайды.

Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
19. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар топтамасын толық ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің жауапты қызметкері көрсетілетін қызметті алушыға ТжКОББ ұйымдарына құжаттардың қабылданғаны туралы хабарламаны осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жолдайды.

20. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабының 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпте мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы мәліметтерді енгізуді қамтамасыз етеді.

21. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға берілуі мүмкін.

Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

22. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижесімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

23. Оқуға түсушілерден түскен өтініштер “Ұлттық білім беру деректер базасы” ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ҰБДБ) тіркеледі.

Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
24. Білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін, сондай-ақ мамандық бейініне сәйкес келетін техникалық және кәсіптік (жұмысшы біліктілік), орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар орта буын мамандықтарына түсетін адамдар үшін әңгімелесу жүргізіледі. Қабылдау комиссиясы оқуға түсушімен тиісті бағыттар бойынша 20 минуттан артық емес жеке әңгімелесуді өткізеді. Әңгімелесуге арналған сұрақтар тізбесін қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді.

24-1. Кәсіпорындардың (ұйымдардың, мекемелердің) өтінімдері бойынша ТжКОББ ұйымдарына түсетін талапкерлерді іріктеу кәсіпорындар (ұйымдар, мекемелер) өкілдерінің қатысуымен ТжКОББ ұйымының қабылдау комиссиясы өткізген әңгімелесудің қорытындылары бойынша жүргізіледі.

Ескерту. Қағида 24-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
25. Карантин жағдайларында, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әңгімелесу ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі.

26. Білікті жұмысшы кадрларды даярлауға оқуға түсушілердің саны мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға бөлінген орындардың санынан асып кеткен жағдайда, оқуға қабылдау осы Қағидалардың 60-тармағына сәйкес орташа конкурстық балл, сондай-ақ № 261 бұйрыққа сәйкес квота санаты негізінде жүзеге асырылады.

Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
27. 9-тармақта көрсетілген оқуға түсушілердің қабылдау квотасы көзделген адамдарға тиесілігін растайтын құжаттар қабылдау комиссиясына тиісті құжатты күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін ұсынады.

28. ТжКОББ ұйымының қабылдау комиссиясы күнтізбелік жылдың 25 маусымынан бастап білім беру ұйымының сайтында орташа конкурстық балды көрсете отырып, талапкерлер мен қабылдау квотасы көзделген тұлғалардың тізімдік құрамын қалыптастырады және оның күнделікті жаңартылуын қамтамасыз етеді.

29. ТжКОББ ұйымында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдарды оқуға қабылдау мамандықтар мен біліктіліктерге медициналық-әлеуметтік сараптаманы (медициналық анықтаманы) ескере отырып жүзеге асырылады.

Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдарды қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысын ескере отырып жүргізіледі.

30. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырысы бойынша оқуға түсетін тұлғалар (білім беру, мәдениет және спорт саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) күнтізбелік жылдың 25 маусымынан бастап Білім басқармасының ақпараттық жүйесі арқылы ерікті негізде кәсіптік диагностикадан (сауалнама) өтеді.

31. Кәсіби диагностиканың қорытындысы бойынша талапкерге мамандықтар мен ұсынылатын мамандықтар бойынша кәсіптер картасын алуға ұсынымдар беріледі. Кәсіби диагностиканың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.

32. Кәсіптік диагностикадан өткеннен кейін ТжКОББ ұйымына мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық мамандықтарға, сондай-ақ арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға оқуға түсетін адамдар арнайы және/немесе шығармашылық емтихандар тапсыру үшін, медициналық мамандықтарға түсетін адамдар психометриялық тестілеуден өту үшін ТжКОББ ұйымдарына ҰБДБ ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.

Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
33. ТжКОББ ұйымына мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық, медициналық мамандықтар, сондай-ақ өнер және мәдениет мамандықтары бойынша оқуға түсетін адамдар арнайы және/немесе шығармашылық емтихандар, сондай-ақ осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес психометриялық тестілеу тапсырады. Өнер және мәдениет мамандықтары бойынша арнайы және/немесе шығармашылық емтихандарды өткізу сәтінде талапкерлер конкурстарға, олимпиадаларға немесе спорттық жарыстарға қатысқан жағдайда емтихандар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып жүргізіледі. Арнайы және/немесе шығармашылық емтихандардың тақырыптарын ТжКОББ ұйымы дербес белгілейді.

Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
34. Мамандық бейініне сәйкес келетін медициналық мамандықтарға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар, сондай-ақ қолданбалы бакалавр біліктілігіне қысқартылған оқу мерзіміне түсетін тұлғалар үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып эссе жазу түрінде арнайы емтихан белгіленеді. Эссе жазуға және бағалау өлшемшарттарына қойылатын талаптарды білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары айқындайды.

35. “Хореография өнері”, “Цирк өнері” мамандықтарына оқуға түсуші тұлғалар ТжКОББ ұйымында қосымша медициналық комиссиядан өтеді.

36. Педагогикалық, медициналық мамандықтарға түсуші адамдар үшін арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандарды, сондай-ақ психометриялық тестілеуді өткізу мерзімдері негізгі орта білім базасында түсушілер үшін күнтізбелік жылдың 18 тамызына дейін, жалпы орта білім базасында түсушілер үшін күнтізбелік жылдың 21 тамызына дейін, шығармашылық даярлықты талап ететін мамандықтарға түсушілер үшін күнтізбелік жылдың 21 мен 28 шілдесі аралығында белгіленеді.

37. Оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін мамандықтарға түсуші адамдар үшін ағылшын тілін білудің базалық деңгейін (тестілеу әдісімен), оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып бағалау қосымша жүргізіледі.

Әңгімелесудің қорытындысы “Өтті” немесе “Өтпеді” деген нысанда бағаланады.

38. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандарға, сондай-ақ психометриялық тестілеуге қатысу үшін мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) “Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама ұсынған кезде, қажет болған жағдайда, емтихан комиссиясы төрағасының атына:

1) жеке аудитория ұсыну;

2) көру, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы және/немесе шығармашылық емтихан шеңберінде тапсырылатын пәндердің оқытушысы болып табылмайтын көмекшінің және (немесе) есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар балалар мен мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілін білетін көмекшінің қажеттілігі туралы еркін нысанда қосымша өтініш береді.

Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
39. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтиханның нысаны мен өткізу тәртібін (күні, уақыты, өткізілетін орны, консультациялар) емтихан комиссиясының төрағасы бекітеді және өтініш қабылдау кезінде оқуға түсушілердің назарына жеткізіледі.

40. Психометриялық тестілеу “Денсаулық сақтау” бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің ұсынымдарына сәйкес өткізіледі.

41. Оқуға түсушіні арнаулы және/немесе шығармашылық емтихан, сондай-ақпсихометриялық тестілеу, әңгімелесу өткізілетін аудиторияға кіргізу жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

42. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихан, сондай-ақ психометриялық тестілеу басталғанға дейін оқуға түсушілерге емтихан материалдары беріледі және титулдық парақтарды ресімдеу тәртібі түсіндіріледі, сондай-ақ арнаулы және/немесе шығармашылық емтиханның басталу және аяқталу уақыты, нәтижелерді жариялау уақыты мен орны және апелляцияға өтініш беру рәсімі көрсетіледі.

Арнайы және шығармашылық емтихандарды өткізу кезінде:

1) арнайы және шығармашылық емтихандар “2”, “3”, “4”, “5” болып бағаланады:

2) медициналық мамандықтар бойынша психометриялық тестілеу “өтті” немесе “өтпеді” деген нысанында бағаланады;

3) арнайы және шығармашылық емтихандар бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған адамдар келесі емтиханға, конкурсқа жіберілмейді.

Ескерту. 42-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
43. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтиханның қорытындылары бағалау ведомосімен ресімделеді. Арнайы және шығармашылық емтихандар мен әңгімелесулерді өткізу кезеңінде аудио-бейнежазба жүргізіледі, ол ТжКОББ ұйымының мұрағатында кемінде бір жыл сақталады.

44. Арнаулы және/немесе шығармашылық емтиханның, сондай-ақ психометриялық тестілеу нәтижелері емтихан өткізілетін күні жарияланады және ақпараттық стендтерде немесе ТжКОББ ұйымының интернет-ресурстарында емтихан өткізілетін күні орналастырылады.

45. Білім беру ұйымында бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандар, сондай-ақ психометриялық тестілеу нәтижелерін бағалау кезіндегі даулы мәселелерді шешу, оқуға түсушілердің құқығын қорғау мақсатында ТжКОББ ұйымы басшысының бұйрығымен апелляциялық комиссия құрылады. Апелляциялық комиссия мүшелері тақ санынан тұрады. Апелляциялық комиссия мүшелері тесттік пәндер бойынша ТжКОББ ұйымдарындағы педагогтердің санынан құрылады. Бір тестілеу пәні бойынша педагогтердің саны кемінде екі адамнан құрылады. Апелляциялық комиссия мүшелерінің құрамынан оның мүшелерінің көп дауысымен басшы сайланады.

46. Түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспеген тұлға апелляцияға шағым береді. Апелляцияға өтініш апелляциялық комиссияға түсу емтихандарының нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін беріледі және апелляциялық комиссиямен өтініш оны берушісінің қатысуымен бір жұмыс күні ішінде өтініш берген күннен бастап қаралады.

47. Апелляциялық комиссияның шешімі отырысқа оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Апелляциялық комиссияның шешімі отырысқа қатысушылардың көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төрағаның және барлық қатысушы апелляциялық комиссия мүшелерінің қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.

48. Арнайы және/немесе шығармашылық емтиханның, сондай-ақ психометриялық тестілеудің нәтижелерін ТжКОББ ұйымдары (білім, мәдениет және спорт салаларындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурсқа (бұдан әрі – Конкурс) қатысу үшін ҰБДБ ақпараттық жүйесіне жібереді.

Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
49. Орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтары бойынша конкурсқа бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру базасында оқуға түсуші тұлғалар, сондай-ақ білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған тұлғалар қатысады.

50. Педагогикалық, медициналық, сондай-ақ арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсетін адамдар конкурсқа арнайы және шығармашылық емтихандардың, психометриялық тестілеудің, әңгімелесудің қорытындысы бойынша жіберіледі.

51. Конкурсқа қатысу үшін негізгі орта білім беру базасында оқуға түсушілер күнтізбелік жылдың 18 тамызына дейін, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру базасында (білім беру, мәдениет және спорт саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) күнтізбелік жылдың 20 тамызына дейін осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес өтініш береді.

52. Конкурсқа өтініш берген кезде оқуға түсушілер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекіткен төрт мамандыққа, біліктілікке (қажет болған жағдайда), ТжКОББ-дан кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі комиссиялар бекіткен ТжКОББ-ның төрт ұйымына дейін, оқыту тілін (қазақ, орыс, ағылшын), білім деңгейін таңдайды.

53. ТжКОББ ұйымдары осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген және өтініш берген тұлғаларды күнтізбелік жылдың 26 тамызына дейін мамандығын, біліктілігін көрсете отырып, ҰБДБ ақпараттық жүйесіне тіркейді.

Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
54. Конкурсты ҰБДБ ақпараттық жүйесі (білім, мәдениет және спорт салаларындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарын қоспағанда) талапкерлерді білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балы бойынша автоматты түрде бөлу арқылы, педагогикалық, медициналық мамандықтарға, шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға түсушілер үшін білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндер бағаларының орташа балы бойынша және ТжКОББ ұйымы өткізген арнайы және/немесе шығармашылық емтихандардың нәтижелеріне сәйкес алынған бағалардың (балдардың) орташа балы бойынша, сондай-ақ қабылдау квотасын ескере отырып өткізеді.

Ескерту. 54-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
55. Талапкерлерді автоматты түрде бөлуді ҰБДБ ақпараттық жүйесі жүзеге асырады.

Ескерту. 55-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
56. Мәдениет және спорт саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарына түсетін адамдар арасындағы конкурсты ТжКОББ ұйымдары мемлекеттік тапсырысты бөлуді автоматтандырылған жүйені қолдану арқылы өз бетінше жүргізеді.

Ескерту. 56-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
57. Мемлекеттік тапсырыс бойынша негізгі орта білім беру базасында оқуға түсушілер арасындағы Конкурс күнтізбелік жылдың 19-22 тамызы аралығында, жалпы орта білім беру, ТжКОББ базасында күнтізбелік жылдың 22-25 тамызы аралығында, ақылы негізде 26-28 тамызы аралығында, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде мен 2 тамызы аралығында өткізіледі.

58. Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша бейіндік пәндер тізбесі осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес айқындалады.

59. Орташа конкурстық балл (бұдан әрі – ОКБ) олардың жалпы санына осы Қағидаларға 4,5-қосымшаларда көрсетілген пәндер үшін бағалар сомасының орташа мәні ретінде айқындалады.

60. Бағалардың орташа балы:

негізгі орта білімі бар оқуға түсушілер үшін (9 – сынып) – үш пән: міндетті пән (қазақ тілі немесе орыс тілі), мамандық бейіні бойынша екі пән бағаларынан:

ОКБ = (МП+БП1+БП2)/БС

Мұнда: МП-міндетті пәннің бағасы;

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

БС-бағалар саны;

бастауыш (“Хореография өнері” мамандығы), негізгі орта білімі бар (9-сынып), арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін және педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін-үш пән: міндетті пән (қазақ тілі немесе орыс тілі) және мамандық бейіні бойынша екі пән бойынша бағалардан/балдардан (қажет болған жағдайда) және арнайы немесе шығармашылық емтиханның бағаларынан:

ОКБ = (МП+БП1+БП2+АЕ/ШЕ)/БС

Мұнда: МП-міндетті пәннің бағасы;

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

АЕ/ШЕ – арнайы емтиханның/шығармашылық емтиханның бағасы;

БС-бағалар саны;

жалпы орта білімі, ТжКОББ бар түсушілер үшін – төрт пән: міндетті пәндер (қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және мамандық бейіні бойынша екі пән бағаларынан:

ОКБ = (МП1+МП2+БП1+БП2+АЕ/ШЕ)/БС

Мұнда: МП1-бірінші міндетті пәннің бағасы;

МП2- екінші міндетті пәннің бағасы;

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

БС-бағалар саны;

арнайы және шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар және педагогикалық мамандықтар бойынша жалпы орта, ТжКОББ білімі бар түсушілер үшін – төрт пән бойынша бағалардан: міндетті пәндер (қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы) және мамандық бейіні бойынша екі пән (қажет болған жағдайда) және арнайы немесе шығармашылық емтихан бойынша арнайы немесе шығармашылық емтиханның бағаларынан:

ОКБ = (МП1+МП2+БП1+БП2+АЕ/ШЕ)/БС

Мұнда: МП1-бірінші міндетті пәннің бағасы;

МП2- екінші міндетті пәннің бағасы;

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

АЕ/ШЕ – арнайы емтиханның/шығармашылық емтиханның бағасы;

БС-бағалар саны;

мамандық бейініне сәйкес келмейтін медициналық мамандықтарға түсетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар тұлғалар үшін – мамандық бейіні бойынша екі пәннің бағаларынан:

ОКБ = (БП1+БП2)/БС

Мұнда:

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

БС-бағалар саны;

мамандық бейініне сәйкес келмейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар оқуға түсушілер үшін – төрт пән бойынша бағалардан: міндетті пәндер, мамандық бейіні бойынша екі пән және/немесе болған жағдайда шығармашылық конкурстың (шығармашылық дайындықты талап ететін педагогикалық мамандықтар мен мамандықтар бойынша) бағаларынан қалыптасады:

ОКБ = (МП1+МП2+БП1+БП2+АЕ/ШЕ)/БС

Мұнда: МП1-бірінші міндетті пәннің бағасы;

МП2- екінші міндетті пәннің бағасы;

БП1- бірінші бейіндік пәннің бағасы;

БП2 -екінші бейіндік пәннің бағасы;

АЕ/ШЕ – арнайы емтиханның/шығармашылық емтиханның бағасы;

БС-бағалар саны;

61. Орташа конкурстық балл тең болған кезде білім туралы құжаттың орташа балы, сондай-ақ № 261 бұйрыққа сәйкес квота санаты ескеріледі.

Ескерту. 61-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
62. Басқа елдің білім туралы құжаты бар адамдар үшін білім туралы құжатта осы Қағидаларға 5-қосымшада көрсетілген міндетті және бейінді пәндер болмаған кезде міндетті және бейінді пәндердің тізбесін ҰБДБ ақпараттық жүйесі арқылы ТжКОББ ұйымдарының қабылдау комиссиялары белгілейді.

Ескерту. 62-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
63. Мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінбеген орындар, мамандықтар бойынша жинақталмаған топтар (өнер және мәдениет, денсаулық сақтау мамандықтарын қоспағанда кемінде 15 адам), қамтылмаған талапкерлер болған жағдайда, күнтізбелік жылдың 29 тамызына дейін № 381 бұйрыққа сәйкес мамандықтар мен ТжКОББ ұйымдары бойынша мемлекеттік тапсырыс қайта бөлінеді.

ҰБДБ ақпараттық жүйесі автоматты түрде бөлу арқылы білім басқармаларына ТжКОББ ұйымдарына қабылдау үшін талапкерлерді бөлу қорытындыларын:

білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша ТжКОББ ұйымдарында оқу үшін әңгімелесуден сәтті өткен адамдардың тізімін;

кәсіпорындардың өтінімдері, сондай-ақ арнайы оқу бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау үшін әңгімелесуден сәтті өткен адамдардың тізімін;

орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтары бойынша оқуға конкурстан өткен адамдардың тізімін жібереді.

Ескерту. 63-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
64. Білім басқармасы негізгі орта білім беру базасында оқуға түсушілер арасында Конкурс қорытындыларын ресми интернет-ресурстарда күнтізбелік жылдың 23 тамызында, жалпы орта білім беру базасында оқуға түсушілер арасында күнтізбелік жылдың 25 тамызында жариялайды, сондай-ақ талапкерлерді Порталдың 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS хабарламамен Конкурс қорытындылары туралы хабардар етеді.

Ескерту. 64-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 31.01.2025 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
65. Білім беру, мәдениет және спорт саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдары Конкурс қорытындысын күнтізбелік жылдың 5 тамызына ресми интернет – ресурстарда жариялайды.

66. Орта буын, қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың құрамына қабылдау ТжКОББ ұйымы басшысының бұйрығымен қабылдау комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде жүргізіледі:

1) күндізгі оқу нысанына-күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін;

2) оқудың кешкі және сырттай нысанына-күнтізбелік жылдың 30 қыркүйегіне дейін;

3) білім беру, мәдениет және спорт саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіндегі ТжКОББ ұйымдарына күнтізбелік жылдың 10 тамызына дейін.

4) кәсіпорындардың (ұйымдардың, мекемелердің) өтінімдері бойынша күнтізбелік жылдың 18 тамызына дейін жүргізіледі.

Ескерту. 66-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
67. Білікті жұмысшы кадрларды даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың құрамына қабылдау:

1) оқудың күндізгі нысанына-күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін әңгімелесу нәтижелері бойынша;

2) оқудың кешкі нысанына-негізгі орта немесе жалпы орта білімі туралы құжаттарда көрсетілген бейіндік пәндер бойынша бағалары, әңгімелесу нәтижелері ескеріле отырып іріктеу негізінде күнтізбелік жылдың 30 қыркүйегі аралығында өткізіледі.

68. Алып тасталды – ҚР Оқу-ағарту министрінің 05.07.2022 № 311 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
69. Қабылдау комиссиялары оқуға түсушілерді қабылдау нәтижелері туралы ақпаратты орта буын және қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауды көздейтін оқудың күндізгі нысанына күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін, білікті жұмысшы кадрларды даярлау – күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін, оқудың кешкі және сырттай нысанына күнтізбелік жылдың 30 қыркүйегіне дейін ақпараттық стенділерге немесе ТжКОББ ұйымының интернет – ресурстарына орналастыру арқылы жеткізеді.